Балалар аутизмі – психологиялық дамудың бұзылуы, мұндай балалар адамдармен қатынасуда және әлеуметтік әрекеттестікте қиындыққа ұшырайды. Аутистік дамудың бір ерекшелігі – сөйлеу және интеллектуалдық мүмкіндіктері қалыпты болғанына қарамастан, бала бұл мүмкіндіктерін шынайы өмірде, айналасындағылармен араласқанда қолдануға асықпайды.

Қазіргі уақытта әлемде аутистік ауытулары бар балалар саны күрт артып барады. Осыдан 20 жыл бұрын әр 10 мың балаға шаққанда аутизммен ауырған 3-4 бала тіркелетін болса, қазір бұл сан 10-нан 20-ға дейін жеткен. Аутизмнің жайылуын эпидемияға теңейтіндер де бар. Мұндай дертке шалдыққан балалар саны Қазақстанда да артып барады. Облыстың психолого-медико-педагогикалық консультациялардың деректеріне сенсек, 2002 жылы 93 бала аутизмге шалдыққан болса, 2010 жылы 465 балаға артқан.

Аутизмге шалдыққан балалар саны артқандықтан, оларға лайықты және уақтылы коррекциялық көмек көрсету қажеттілігі туды. Аутизмі бар бала қоғамға бейімделуі үшін оған үнемі қолдау және симуляция қажет болады. Егер аутизмі бар баланың отбасы балабақша, мектеп, әлеуметтік қоршаған орта сияқты қоғамдық институттардан өзіне қажетті қолдауды ала алатын болса, онда көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Қоғам тарапынан түсіністік болуы үшін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аутизмі бар балаларды оқыту және әлеуметтік тұрғыдан дамыту бойынша білімдерін арттыру қажет.

Әр баланың өз ерекшелігі бар, сондықтан әрқайсысы өз тәжірибесі негізінде дербестігін және қабілетін дамытуға тиіс. Жетістікке жетіп, тәжірибе жинау үшін оған сіздің қолдауыңыз бен оң көзқарасыңыз қажет

Балалар аутизмі. Бұл не?

Балалар аутизмінің анықтамасы

Балалар аутизмі – психологиялық дамудың бұзылуы, мұндай балалар адамдармен қатынасуда және әлеуметтік әрекеттестікте қиындыққа ұшырайды.

Аутистік дамудың бір ерекшелігі – сөйлеу және интеллектуалдық мүмкіндіктері қалыпты болғанына қарамастан, бала бұл мүмкіндіктерін шынайы өмірде, айналасындағылармен араласқанда қолдануға асықпайды.

Психикалық дамудағы ауытқудың бөлек түрі түрі ретінде балалар аутизмін алғаш ретін 1943 жылы доктор Л.Каннер ұсынды. Ол балалар арасында кездесетін дамудағы ауытқуды сипаттай келе бұл құбылысты «ерте жастағы балалар аутизмі» (Каннер синдромы) деп атады. Оның негізгі белгілері мыналар:

  • айналадағы адамдармен эмоциялық байланыс орнатудағы елеулі қиындықтар;
  • үнемі қайталанатын, біртекті әрекеттерді орындауға деген зор құлшыныс;
  • белгілі бір нысандарға қатысты істерге шамадан тыс ден қою;
  • сөйлеуге мүмкіндігі бола тұра сөйлемеу (мутизм), немесе адамдармен қарым-қатынаста сөйлеу әдісін қолданбау;
  • белгілі бір салаларда ерекше қарым-қабілетінің болуы.

Нені білу маңызды

Аутизмнің диагностикалық критерийлері

Оныншы рет қайта қаралған Аурулардың халықаралық классификациясына (МКБ-10) сәйкес балалар аутизмі дегеніміз – психологиялық дамудың первазивтік бұзылу (жалпы, барлық жерде кездесетін, әртүрлі фомадағы) түрі. Психика дамуының барлық салаларда: сенсорлық және моторлық дамуда, танымдық және эмоциялық салада, өсе келе қалыптасатын мінез-құлықта, ақыл-ой мен тұлғалық дамуда ауытқулар байқалады.

Балалар аутизмі синдромының үш негізгі және міндетті белгісі бар:

  1. қатынастың сапалық тұрғыдан бұзылуы;
  2. әлеуметтік әрекеттестіктің сапалық тұрғыдан бұзылуы;
  3. мінез-құлықтың стереотиптік фомалары.

Қосымша маңызды критерийлеріне мыналар жатады:

  • ауытқудың міндетті түрде ерте басталуы (сәби немесе кішкене бала шағында);
  • биологиялық шығу тегі (орталық жүйке жүйесіндегі органикалық жетіспеушілік кесірінен);
  • басқа психикалық аурулар сияқты ремиссия, рецидив жағдайлары болмай, үнемі көрініс табуы.

МКБ-10 балалар аутизмін психикалық аурулар симптомы (шизофрения), әлеуметтік психиканы жаралаушы факторлардың (психогендік аутизм, парааутизм) әсерінен болған ауытқулармен бірге, бір топта қарастырмайды.

Балалар аутизмі - дамудың асинхронды және ауытқыған түрі. Мұндай жағдайда психиканың кей тұстары уақытымен дамыса, енді бірі уақытынан озып кетеді, ал кей түрлері мүлде артта қалып қояды. Аутизмі бар балаларда интеллектуалдық және эмоционалдық дамудың айырмашылығы үлкен болады, бір салада көп жетістікке жетсе, бір сала дамымай қалады.

АСА. Негізгі диагностикалық критерийлер.

  • 1
    Әлеуметтік әрекеттестіктің
    сапалық тұрғыдан бұзылуы.
     
  • 2
    Қарым-қатынастың
    сапалық тұрғыдан бұзылуы.
     
  • 3
    Шектеулі, қайталанбалы
    және стереотипті іс-әрекеттер
    және қызығушылықтар.

Аутизм симптомдары

1. Әлеуметтік әрекеттестіктің сапалық тұрғыдан бұзылуы:

а) басқа адамдардың әрекеттеріне эмоциялық реакцияның немесе жағдайға қарай тиісті мінез-құлықтың болмауы;

ә) әлеуметтік әрекеттестік және байланыс мақсатында көзқарас, беттің мимикалық құбылуы, ым-ишара әдістерін дұрыс қолдана алмауы;

б) қатарластарымен қарым-қатынас орнатып, бірге ойнай алмауы;

в) басқа адамдармен араласқанда эмоционалдық, әлеуметтік тұрғыдан лайықты жауап қатпауы, ортақ мүдденің болмауы.

2. Қатынастағы сапалық ауытқулар:

а) сөйлеу әдісін коммуникативтік тұрғыда қолданбауы, сөйлеуді қолданбаған жағдайда оның орнына дауыс ырғағын, ым-ишараны, мимиканы пайдаланбауға тырыспауы;

ә) басқалармен салыстырғанда әңгімені бастап, оны әрі қарай жалғастыруда (сөйлеу дамуының кез келген кезеңінде) қиындық көруі, сөйлеу арқылы ойын білдірудің дамып-жетілмеуі, қайталанатын, стереотипті сөйлеу әдісі;

б) рөлдік және әлеуметтік тұрғыдан имитация жасайтын ойындар кезінде өзін дұрыс ұстамауы, синхрондылықтың болмауы, қатынас кезінде айналасындармен лайықты түрде әрекетке түспеуі.

3. мінез-құлық формаларының, қызығушылықтарының және белсенділігінің шектеулі, қайталанбалы және стереотиптік болып келуі:

а) Күнделікті өмірдің түрлі салаларында қатып қалған темірдей тәртіп орнатуға ұмтылуы; белгілі бір заттарға, әрекеттерге (рәсімдерге), қызығушылықтарға ерекше ден қоюы;

ә) стереотиптік және шектеулі әрекеттер мен қызығушылықтарға толықтай берілуі;

б) моторлық стереотиптер;

в) заттардың кейбір бөліктеріне, ойыншықтардың маңызды емес элементтеріне (олардың иісіне, сыртқы материалына, шығаратын дыбысына, вибрациясына) ерекше мән беруі.

Балалар аутизміне диагноз қоюдың қосымша белгілеріне үрей, ұйқының бұзылуы, дұрыс тамақ ішпей, ызақорлық және агрессивтілік, және өзіне қарсы агрессия сияқты белгілер жатады.

Балалар аутизмі кезінде сандырақтау және галлюцинация (елес) болмайды. Аутистикалық регрессия (қалыптасқан психикалық функциялар мен дағдылардың жойылуы) болды ма, әлде қазір болып жатыр ма, осыны анықтап алу қажет. Балалар аутизмі кезінде көру, есту қабілеттері де нашарлауы мүмкін.

Аутизмнің классификациясы

Қазіргі уақытта балалар аутизмін өзіне тән ерекшелігі жоқ, шығу тегі әркелкі синдромдар тобына жатқызады, оған жалпылама аутистік спектр ауытқуы (АСА) деген анықтама берілген. Бұл топқа мыналар жатады:

1.Каннер синдромы - балалар аутизмінің классикалық немесе типтік синдромы. Дерттің бұл түрінде бала дамуындағы ауытқулар үш жасқа дейін белгі бере бастайды. Әлеуметтік әрекеттесудің, қатынасудың сапалық ауытқулары, шектелгенген, қайталанбалы және стереотиптік мінез-құлық формалары психикалық дамудың және сөйлеудің кешеуілдеуімен қатар жүреді, ал мұндай кешеуілдеу түрлі деңгейде байқалады. Әдетте сөйлеу мүмкіндігі бола тұра сөйлемеу, ерекше сөйлеу әдісі – эхохалия, штамптар, жіктеу есімдіктерін дұрыс қолданбау ұшырасады. Ақыл-ой дамуының тежелуі де жиі кездеседі. Мұндай синдромы бар аутист балалардың тек 25%-ы интеллектуалдық даму нормасының төменгі көрсеткішіне ілігеді. Дегенмен, аутизмі бар балалардың көбі белгілі бір салада интеллектуалдық қабілетінің жоғары екенін көрсетеді.

2. Аспергер синдромы – адамдармен қарым-қатынаста, әлеуметтік әрекеттестікте, мінез-құлықтың стереотипті формалары бойынша алдыңғы синдромдағыдай сапалық ауытқудың барлық белгілері байқалғанымен, мұнда сөйлеу мен ақыл-ой дамуы қалыпты жағдайда болады. Балалардың көбінің жалпы интеллектісі қалыпты деңгейде болады. Сыртқы келбетінен суық көзқарас, мимиканың және ым-ишараның айқын болмауы (қатып қалған мимика), моторлық епсіздік, ебедейсіздік сияқты белгілерді байқаймыз. Қабілеті болғанына қарамастан, аутизмі бар балалардың көбінде интеллектуалдық іс-әрекетте де, қарым-қатынаста да шапшаңдық, ептілік, бастамашылдық, шығармашылық жетіспейді. Мектепте және басқа жерде алған білімді олар өз таңдауымен қабылдай алмайды және әлеумет ішінде пайдаланбайды және қайталамайды. Сөйлеудің коммуникациялық функциялары нашар дамиды, сөйлеуі модульденген, әуезі, ырғағы және жылдамдығы жағынан өзгеше болып келеді, оның айтқан сөзі көбіне тақпаққа ұқсас болады. Мұндай балалардың сөз құрауға, аутистік ойындар мен сабақтарға бейімі болады. Жасөспірім және ересек шағында оның аутистік белгілері тұрақты күйде сақталып қалады.

3. Аутистік спектр ауытқулары: атиптік аутизм, аутистік, аутистікке ұқсас синдромдар және т.б. Аутистік спектр ауытқулары әдетте ми ауруы, хромосомалық аномалия, генетикалық синдром, туабітті зат алмасудың бұзылуы, эндокриндік патология сияқты басқа аурулардың қосымша белгілері болып келеді.

Бұл жағдайда аутизмнің белгілері көмескілеу болады, сондықтан классикалық аутизмге тән симптомдар толық байқала бермейді. Каннер аутизмімен салыстырғанда мұндай балалардың айналасындағылармен қарым-қатынас жасау, әрекеттесу мүмкіндігі көп шектелмеген; АСА белгілері бар балалар басқалармен көз түйістіре алады, анасымен және жақындарымен эмоциялық байланыс жасайды. Көбіне тіршілік қарекетінің түрлі салалары бойынша бала дамуында асинхрондық байқалмайды. Негізгі аурудың динамикасына сәйкес аутистикалық белгілер күшейеді немесе керісінше мүлдем байқалмай кетеді.

Аутизмнің таралуы

Осыдан 20-10 жыл бұрын әлемнің түрлі елдерінде аутизмге шалдыққандардың саны әрбір 10 мың балаға шаққанда 4-тен 26-ға дейін болып келетін. Эпидемиологиялық зерттеулердің көбіндегі мәліметтерге сенсек, балалар аутизмінің негізгі түрлері - Каннер және Аспергер синдромымен ауыратындар саны әр 10 мың балаға шаққанда 4-5 баладан келген. Соңғы жылдары аутистік сектордың балалар аутизміне ұқсас түрлі ауытқулары табылғалы бері мұндай балалар саны әр 10 мыңға 30-60 баладан келетін болды.

Қазақстандағы облыстық психолого-медико-педагогикалық консультациялардың статистикасына сенсек, 2014 жылы аутизмге және аутистік спектр ауытқуларына шалдыққан 1456 бала тіркелген.

Түрлі деректер бойынша Каннер синдромына шалдыққан ұлдар мен қыздардың үлесі 3:1 не 4:1 болып келеді. Яғни, бұл дертке шалдыққан ұлдар саны қыздардан 3-4 есе көп. Аутистік ауытқулар спектріндегі аурулар саны артқан сайын ондағы ұлдардың да үлесі 13:1, 13:1,5 болып арта түсетіні белгілі болды.

Аутизмнің себептері

Аутизмді тудыратын нақты себептер әлі анықталған жоқ. Түрлі елдердің зерттеушілері аутизмнің пайда болуы мен қалыптасу механизмдеріне байланысты ортақ теория қабылдай алмай келеді. Аутизм баланың ерте дамуы кезінде мидың барлық немесе бірнеше функционалдық жүйесіне әсер ететін көптеген факторлардың тоғысуынан болған бірнеше ауытқудың кесірінен қалыптасады деген тұжырым бар. Аутистік ауытқуларға алып келетін отыздан астам фактор бар. Ықтимал себептерді үш топқа бөліп қарастырамыз.

Себептердің 1-тобы тұқым қуалаушылықпен байланысты. Кейбір мамандардың айтуынша, аутизм – тұқым қуалайтын ауру және ол гендік деңгейде беріліп отырады. Кей жағдайларда бұл тұжырымның растығын дәлелдейтін мысалдар да бар, себебі аутистік белгілер бір отбасының мүшелерінен байқалып жатады. Алайда, ғалымдар аутизмге жауап беретін генді әлі күнге таба алған жоқ.

Себептердің 2-тобына хромосомалық (генетикалық) мутация, зат алмасудың туабітті аурулары жатады. Кейбір генетикалық синдромдар мен зат алмасу ауруларының клиникалық симптомдарының қатарына аутистикалық белгілер де кіреді. Мұндай аурулардың қатарында сынғыш (фрагильді) Х-хромосома, Ретт, Мебиус синдромдары, сонымен қатар фенилкетонурия, мукополисахаридоз және басқалары бар.

Себептердің 3-тобы орталық жүйке жүйесінің түрлі себептермен зақымдалуымен байланысты. Оған мыналар түрткі болуы мүмкін:

а) жүктілік және туу кезінде түрлі патогендік факторлардың әсер етуі: нейроинфекция, вирустық инфекция, жарақат, асфиксия, және т.б. Мұндай жағдайда аутизмді аурудың салдарынан болған жүйке жүйесінің резидуалды-органикалық күйі деп қарастырады.

ә) биохимиялық, нейрохимиялық және метаболикалық ауытқулар. Арнайы зерттеулер (жұлын сұйықтығы, қан, несеп сараптамалары) көрсеткеніндей, аутистикалық симптомдар физиологиялық тұрғыдан белсенді заттар (серотонин, катехоламин және дофамин) алмасуының бұзылуынан болады. Биохимиялық өзгерістер мен аутистикалық белгілердің арасындағы байланыстың бар екенін дәлелдейтін зерттеулер бар.

Кей жағдайларда аутизмнің пайда болуына зат алмасу процесінің бұзылуы себепкер болады деген пікір айтылады. Бұл не ішек терісінің тез қабылдағыштығынан немесе гематоэнцефаликалық барьерден, кейде кейбір тағамдық заттардың, айталық бидай глютеинінің, сүт казеинінің дұрыс қорытылмауының кесірінен қандағы опионд санының артуынан болады. Бұл заттар қанның белгілі бір бөліктерін улайды, ал бұл аутистикалық симптоматиканың пайда болуына алып келеді. Кей зерттеулерде аутист балалардың тағамдарынан оппоидтік белсенділікті өзгертетін тағамдарды алып тастайтын диетаның жақсы нәтиже көрсеткені айтылады.

б) екпе салу, экологиялық жағдайдың нашарлығы, дұрыс тамақтанбау салдарынан ауыр металдардың (сынап, қорғасын, кадмий) ағзаны улауы. Кейбір зерттеу нәтижелері көрсеткеніндей, аутизм синдромдарының пайда болуына қоршаған ортада және азық-түлік құрамында бар ауыр металдармен улану да әсер етеді. Аутизмнің пайда болуына иммундық дисфункция мен екпе салудың әсері де зерттелді. Баланың улануына екпе дәрінің құрамында сынаптың консервант ретінде кездесуі де әсер етуі мүмкін деген болжам бар. АҚШ-тың Калифония штатында құрамында сынабы бар екпе дәрілер санын шектеу аутизммен ауырған балалар санын 25%-ға төмендетті деген дерек бар. Десе де, аутизммен ауыратын балалардың арасында ешқандай екпе алмаған, қан құрамында сынаптың мөлшері көп емес балалар да жетерлік.

Аутизмнің аталған себептерінің барлығы тек аутизмге ғана емес, психологиялық дамудың басқа да ауытқуларына тән. Бала дамуының түрлі кезеңдерінде оның ағзасына әсер ететін факторлар (тұқымқуалау, органикалық, биохимиялық, әлеуметтік) өте көп. Аутизмнің пайда болуында тұқымқуалаушылық пен органикалық факторлар шешуші рөл ойнаса, психогендік факторлар аутизмді тудырып, қоздырып, күрделілендіретін фактор рөлін атқарады.

Балалар аутизмі қалыптасуының механизмдері

Мидың органикалық жетіспеушілігі ерекше патологиялық жағдай тудырады, аутизмі бар бала осы жағдайда өсіп-жетіледі. Аутизм синдромының психологиялық құрылымын қалыптастыруда екі негізгі биологиялық фактор: баланың ерекше сезімталдығы және белсенділігінің төмендеуі үлкен рөл ойнайды (К.С.Лебединская, О.С.Никольская 1991).

1. Сенсорлық және аффективті (эмоционалды) саланың ерекше сезімталдығы:

  • көру, есту және ұстау тітіркендіргіштерін сезіну шегінің жоғарылауы. Қоршаған орта аутизмі бар балаларға шектен тыс әсер етеді, бұдан олар жаман әсер алып, жайсыздықты сезінеді. Олар жай дыбыстарды, жарықты, түстер мен жанасуды тым ауыр қабылдайды. Әсіресе басқа адаммен жанасқанда олардың қарағаны, дауысы, қол тигізуі жаман әсер етеді, ауыртады. Тіпті жақын адамдарымен ұзағырақ қарым-қатынаста болу олар үшін жайсыздық туғызады.

Сенсорлық және аффективтік жайсыздық шегінің көтерілуі кесірінен жағымсыз әсерлер жатталып қалып, түрлі үрейлердің пайда болуына алып келеді, олар өздеріне шек қойып, әлеммен байланыста тұйықтала бастайды.

2. Белсенділіктің бұзылуы психикалық тонустың төмендеуінен және қоршаған ортамен белсенді байланысқа түсу мүмкіндігінің азаюынан білінеді. Миының энергетикалық әлеуеті тым шектеулі болғандықтан, аутист бала психикалық тұрғыдан тез шаршап, жалығады, содан сылбырлық танытып, айналасына селсоқ қарайды, маңайына қызығушылығы аз болады.

Әсіресе баланың зейінін бір нәрсеге жұмылдыру керек болғанда, оның іс-қимылын жұмылдырмақ болғанда ондағы психикалық тонустың жетіспеушілігі айқын байқалады. Белсенділіктің төмендеуінің кесірінен бала естіген және қоғамнан алған ақпаратты белсенді түрде, таңдап қабылдап, оны бұрынғы тәжірибесімен байланыстырып, өмірінде қолданып, оны сырттан жеткен формасында қайта қалпына келтіріп, пайдалануда қиындықтарға тап болады.

Осы туабітті екі фактор (сенсорлық және аффективтік жүйесінің шамадан тыс сезімталдығы және психикалық белсенділігінің төмендігі) аутист баланы қоршаған ортаға бейімделуге мәжбүрлейді. Осындай патологиялық жағдайларда ол өзі үшін түсініксіз, ыңғайсыз әрі үрейлі әлемде өзін қорғаудың радикалды әдістерін таңдайды, сөйтіп аутизмі бар бала қоршаған ортамен байланысын үзіп, шектеулі, стереотипті (таныс әрі түсінікті) іс-әрекеттерді қайталауға дағдыланады.

Мұндай жағдайда аутизм туабітті патологиялық симптом емес, қоршаған ортаның шектен тыс әсерінен қорғанудың бір әдісі ретінде қарастырылады. Балалар аутизмі синдромын қарастырғанда басқалармен араласуға ықыласы жоқ, айналасындағылармен саналы түрде байланысын үзетін патология деп келте тұжырым жасамау керек. Көптеген психологиялық зерттеу нәтижелеріне, аутизмі бар балалар ата-аналарының айтқанына сенсек, мұндай балалар басқалармен бірге болып қана қоймай, олармен тығыз араласқанды да жақсы көреді.

Аутизмі бар бала өзі қалап тұрса да, басқа балалар күнделікті өмірде ешқандай қиындықсыз меңгеріп алатын адамдармен қарым-қатынас жасасудың, әрекеттесудің жалпыға ортақ әдістерін өз бетімен меңгере алмайды.